Женевада Қытайдағы қысымға қарсы наразылық шарасы өтті

Женевада Қытайдағы қысымға қарсы наразылық шарасы өтті
Фото: https://voxball.com/poll/azatardyi-yitajdayi-yisyima-arsyi-narazyilyi-aktsiyasyina-atyisanyin-oldajsyiz-ba-5025

БҰҰ ҒИМАРАТЫ АЛДЫНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Женевадағы БҰҰ кеңсесінде АҚШ, Германия, Канада, Франция Қытайдағы адам құқықтары мәселесін талқылап жатқанда сыртта қазақ, ұйғыр, вьетнам, түркімен, тибет ұлтының өкілдері қарсылық шарасын ұйымдастырды. Женеваға Қазақстаннан Қытай қазақтарының мәселесін жиі көтеріп жүрген Қыдырәлі Оразұлы мен Шыңжаңда қамауда болған Аманжан Сейіт барған. Оларға Германияда тұратын этникалық қазақ Өмірхан Алтын қосылған. Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, наразылық акциясына Бельгия, Швеция және Швейцарияда тұратын этникалық қазақтар да келген. Этникалық қазақтар наразылық кезінде өздерімен бірге Қазақстан туын алып жүрді. Шара кезінде Өмірхан Алтын ел алдына шығып сөйледі.

- Қытай билігі өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетіп келеді. Сондықтан біз Женевадағы Біріккен ұлттар ұйымы ғимаратының алдында қарсылық шарасын өткізіп жатырмыз. Шыңжанда үш миллионға жуық қазақ бар. Олардың кемінде 500 мыңы түрмеде отыр. Түрмеде кімдер қамалған? 12-13 жастағы балалар мен жетпіс-сексендегі қариялар отыр. Бүгін біз, Қытай қоластындағы тағдырлас халықтар, Біріккен ұлттар ұйымынан Қытайдың жауыздық саясатына "тоқтат!" деп айтуын сұраймыз, - деді ол.

Жиынға қатысқандар "қытай ұлтына қарсы емес, биліктің қазіргі жүргізіп отырған саясатына қарсы". Өмірхан Алтыннан кейін мінберге шыққан Аманжан Сейіт саяси тәрюие орталығында басынан кешкендерін жұртқа баяндап берді.

 

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ ТАЛАБЫ

Ал әлем елдері қатысқан БҰҰ кеңесінде Қытайда қазір бір миллионға жуық мұсылман қамауда отырғаны айтылды. АҚШ, Жапония, Австралия, Канада, Германия Қытайдағы лагерьлерді жабуды талап етті.

Франция өкілі Франсуа Ривассо: "Пекин Шыңжаң мен Тибетте діни және наным-сенім бостандығына кепілдік беріп, жаппай қудалауды тоқтату керек" деді. Канада өкілі Розмари МакКарниның айтуынша, Қытай сотсыз, тек ұлты мен діні үшін қамалған ұйғыр және басқа да мұсылмандарды босатуы тиіс.

Женевада жиын өтіп жатқанда Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов Астанада Азаттық тілшілеріне "Қытайдағы саяси лагерьлерде қысым көріп жатқан қазақтар жайын Қазақстан халықаралық ұйымдар алдында көтере алмайды" деді.

Азшылық ұлттардың құқығын заңға сай қорғап отырмыз. Ұлттық конгресте және Коммунистік партияда барлық 55 ұлттың өкілдері бар.

Лэ Юйчэн, Қытайдың сыртқы істер министрінің орынбасары

БҰҰ кеңесіне қатысқан Қытайдың сыртқы істер министрінің орынбасары Лэ Юйчэн: "Азшылық ұлттардың құқығын заңға сай қорғап отырмыз. Ұлттық конгресте және Коммунистік партияда барлық 55 ұлттың өкілдері бар" деп жауап берді.

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңесі төрт жарым жылда бір рет ұйымдастырылады. Ұйым Қытайдағы лагерьлер мен қудалау мәселесін алғаш рет ашық талқылады. Кеңес қарашаның 5-і басталған. БҰҰ жиыны қарашаның 10-ына дейін әлемдегі адам құқықтары мәселесін талқылайды.

Шыңжаң өлкесінде шамамен 2 миллионға жуық қазақтар өмір сүреді. 2017 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстандық ақпарат құралдарында Қытай қазақтарының қысымы туралы айтыла бастады. Ресми түрде "Саяси үйрену орталығы" деп аталатын оқшауланған орындарда болып, ондағы қысымдар мен азаптауларды басынан кешкен кейбір қазақстандық азаматтар бұған дейін Азаттыққа сұхбат берген болатын.

Автор: Арипжан
Поделиться:

Читать другие новости:

105